
Құрметті Ескелді ауданының тұрғындары ,ардақты жерлестер!
Мен Оханов Мақсат Исажанұлы, туған өңіріміздің мал шаруашылығы әлеуетін жаңа сапалы деңгейге көтеру, ет және сүт бағытындағы шаруашылықтарды қолдау және әрбір ауыл тұрғынының әл-ауқатын арттыру мақсатында мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылып отырмын. Мал шаруашылығы – ата-бабамыздан келе жатқан негізгі кәсіп қана емес, ауылдық жерлердегі отбасылардың тұрақты табыс көзі мен азық-түлік қауіпсіздігінің берік іргетасы.
Ауыл еңбеккерлері мен шаруалардың нақты мәселесін шешетін жүйелі іс – менің басты ұстанымым. Ескелді ауданының малшаруашылығын өркендету үшін алдымызда тұрған мынадай нақты міндеттерді жүзеге асырамыз:
Сайлауалды бағдарламамның негізгі басымдықтары Жайылым және шабындық жерлерді тиімді пайдалану: Ауылдық округтер маңындағы ортақ жайылымдарды жергілікті тұрғындардың мал жаюына қолжетімді ету, пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, ауыл тұрғындарының игілігіне беру жұмыстарын қатаң депутаттық бақылауға алу. Мал азығын дайындау және жем-шөп қоры: Қысқы мал азығын дайындау кезеңінде шабындық жерлерді әділ бөлу, жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және мал азығын өндіруші шаруашылықтарға мемлекеттік субсидиялардың уақтылы берілуіне ықпал ету.
Асылдандыру жұмыстары және мемлекеттік қолдау: Асыл тұқымды мал басын көбейтуге, ет және сүт өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің (соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында) ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Ветеринариялық қауіпсіздік және қызмет сапасы: Аса қауіпті мал ауруларының алдын алу, жоспарлы вакцинациялау және сырғалау жұмыстарының уақтылы әрі сапалы жүргізілуін қадағалау, ауылдық жерлердегі ветеринариялық пункттердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсету.
Ет және сүт өнімдерін өңдеу мен өткізу: Ауыл тұрғындары мен фермерлер өндірген сүт пен етті тиімді бағамен өткізу тетіктерін жолға қою, аудан аумағында сүт қабылдау пункттері мен шағын қайта өңдеу цехтарының жұмысын жандандыруға атсалысу.
Тұрақты есеп және кері байланыс: Шаруалар мен мал иелерінің өзекті мәселелерін жинақтап,жауапты органдарға жеткізу және атқарылған жұмыстар жөнінде сайлаушылар алдында жыл сайын ашық есеп беру.
Құрметті жерлестер!
Ауылдың еңсесі тік болса,еліміздің де іргесі берік болады.