Панфилов ауданында Астана күніне орай «Әлемге әйгілі Астанам» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – елордамыздың қол жеткізген жетістіктерін кеңінен насихаттау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті дәріптеу, еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің мәдени мұрасын таныстыру және қазақстандық патриотизмді нығайту болды.
Мерекелік кешке этномәдени бірлестіктердің мүшелері, өзге ұлт өкілдері, жастар, мәдениет саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары белсене қатысты. Қонақтарға мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, ұлттық әндер шырқалды. Сонымен қатар, қатысушылар елорданың қалыптасу тарихынан сыр шертетін және мерекеге арнайы әзірленген кітап көрмесімен танысып, Астананың даму жолы мен тарихи белестеріне шолу жасады.
Іс-шара барысында жастар елордаға деген ыстық ықыластары мен жүрекжарды лебіздерін білдіріп, Қазақстандағы бейбітшілік пен татулықтың, өзара сыйластық пен достықтың қоғам өміріндегі ерекше маңызын атап өтті. Мереке көпұлтты халқымыздың бірлігі мен ынтымағын айшықтайтын, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын тағылымды мәдени алаңға айналды.
«Әлемге әйгілі Астанам» атты мерекелік шара ауыл тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, елорданың қарқынды даму жолын, сәулетті келбеті мен халықаралық беделін насихаттауға өз үлесін қосты. Осындай тағылымы мол мерекелік іс-шаралар отансүйгіштік рухты нығайтып, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің құндылығын дәріптеуге қызмет етеді.