Текелі қаласында Жетісу облысының «Jetisu Jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Qosyl Fest» жастар фестивалі жастарды біріктірген ауқымды әрі мазмұнды іс-шараға айналды. Фестивальдің басты мақсаты – жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен таныстыру, жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікке, білім алуға және еріктілік қызметке қызығушылығын арттыру болды.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жастар жұмыс берушілермен және мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен тікелей кездесіп, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар, мемлекеттік қолдау тетіктері, гранттық бағдарламалар мен кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, болашақ кәсіби бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
Іс-шараның бағдарламасы мазмұнды әрі алуан түрлі болды. Қонақтарды мотивациялық кездесулер, концерттік бағдарлама, интерактивті ойын алаңдары, TikTok-аймақтары, волонтерлерге арналған оқыту курстары, шығармашылық және спорттық белсенділіктер күтті. Сонымен қатар жастар интеллектуалдық сайыстарға қатысып, белсенділігі үшін түрлі сыйлықтарға ие болды.
Сондай-ақ фестиваль аясында Жетісу облысының Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының мамандары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында дәстүрлі діннің құндылықтары, діни сауаттылықты арттыру және деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Іс-шара барысында «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамалары кеңінен насихатталды. Арнайы ақпараттық алаңдарда жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және экологиялық мәдениетін дамыту бағытында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
«Qosyl Fest» жастар фестивалі жастардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, тәжірибе жинақтауына, шығармашылық әлеуетін дамытуына және мемлекеттік бағдарламалармен жақынырақ танысуына мүмкіндік берген маңызды алаң болды. Фестиваль қатысушыларға жаңа идеялар, пайдалы таныстықтар мен болашаққа сенім сыйлап, жастар саясатын қолдаудың жарқын үлгісіне айналды.