Жетісу облысында 2025 жылдың қыркүйек айында іске қосылған «Психолог кабинеті» цифрлық платформасы жұмысының алғашқы ауқымды қорытындылары шығарылды. Мектеп оқушылары арасындағы психологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтауға және психологиялық қызметтердің жұмысын автоматтандыруға бағытталған бұл жоба жоғары тиімділік көрсетіп, мыңдаған балаға эмоционалдық қиындықтарды еңсеруге көмектесті.
Бүгінгі таңда жүйеде өңірдегі 51 180 оқушы тіркелген. Мектеп психологтары қауіп тобындағы әрбір баламен атаулы жеке және топтық жұмыстар жүргізуде.
Мамандардың уақтылы көмек көрсетуінің арқасында қауіп-қатерлер статистикасы айтарлықтай төмендеді. «Қызыл аймақтағы» балалар саны үш есеге азайып, 295 оқушыға дейін қысқарды, ал «сары аймақтағылар» он есеге төмендеп, 1 746 оқушыға жетті. Сонымен қатар, 12 мыңнан астам бала тұрақты оң динамика көрсетіп, қауіпсіз «жасыл аймаққа» сәтті ауыстырылды.
Облыстағы оқушылар арасындағы психологиялық қауіп-қатерді анықтауғы арналған «Психолог кабинеті» платформасы мектептерге тегін негізде ұсынылды. Жүйе 24/7 режиміндегі тұрақты жұмысын, айына екі рет жаңартулар енгізуді және жұмыс күндері үздіксіз техникалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
Жоба Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің негізгі нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарына толық сәйкес келеді. Цифрландыру бағытында платформа «Мектептегі педагог-психологтың ақпараттық жүйелерді қолдануы туралы» нұсқаулық хатына, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына және 2025–2029 жылдарға арналған «Ұлттық білім беруді дамыту тұжырымдамасына» сай.
Жоба аясында облыстық білім басқармасы жанындағы Әдістемелік орталықпен келісім жасалып, 17 мектепте кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9-10 сыныптардың 8 мыңға жуық оқушысы кәсіби диагностикалық зерттеулермен қамтылды.
«Психолог кабинеті» цифрлық платформасы Жетісу облысында мектеп психологтарының кәсіби деңгейін арттыруда, балалардың психологиялық қауіп-қатерлерін ерте анықтауда және білім ошақтарында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруда өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеген маңызды құралға айналды.