Ақсу ауданында NEET санатындағы жастарды қолдау, олардың жұмыспен қамтылуына, білім алуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған «Qosyl Fest» жастар фестивалі өтті.
Фестиваль аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.
Жастар ресурстық орталығының мобильді тобы мемлекеттік бағдарламалар, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері және мемлекеттік гранттар жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға арнайы брошюралар таратылып, мамандар тарапынан жеке кеңестер берілді.
Мерекелік бағдарлама мотивациялық кездесулерден, еріктілерге арналған оқыту курсынан, спорттық ойындардан, интеллектуалдық сайыстардан, концерттік бағдарламадан және шығармашылық алаңдардан құралды. Қатысушылар гитара сүйемелдеуімен өткен ән кешіне қатысып, интерактивті аймақтарда өзара тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ, Ақсу агротехникалық колледжі мен Қапал кәсіптік-техникалық колледжімамандықтар көрмесін ұсынып, талапкерлерге білім беру бағыттары мен оқу орнына түсу талаптары бойынша кеңес берді.
«Qosyl Fest» жастардың кәсіби қабілеттерін дамытуға, жұмысқа орналасуына ықпал етуге және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған тиімді алаңға айналды.
