Жетісу облысында мүгедектігі бар жандарды заманауи мамандықтарға баулуға және олардың цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған әлеуметтік жоба жалғасуда. Сабақтар 22 маусымда «Алакөл Асар» демалыс базасында басталады, онда қатысушылар үшін кедергісіз орта мен жайлы жағдайлар жасалған.
Жобаға 5 оқу тобы, жалпы 100 адам қатысады. Оқу ұзақтығы кемінде 20 академиялық сағат. Оқыту процесі қазақ, орыс және ымдау тілдерінде жүргізіліп, соңында міндетті түрде тестілеу өткізіледі.
Бағдарлама сұранысқа ие бағыттарды, атап айтқанда, мобилографияны, фото және видеомонтажды, жасанды интеллект пен нейрожелілер негіздерін, сондай-ақ фриланс пен кәсіпкерлікті қамтиды. Бұдан бөлек, қатысушыларға қолдау көрсету мақсатында «Мен сынған жоқпын, ішкі батырды ояту» атты психологиялық тренинг өткізіледі.
Жобада жұмыс істеу үшін ерекше қажеттіліктері бар жандармен тіл табыса алатын және олар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыра алатын тәжірибелі тренерлер мен сарапшылар шақырылды. Осы бастаманың арқасында мүгедектігі бар жандар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, заманауи мамандық иесі атана алады, сондай-ақ еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болып, өз күштеріне деген сенімділігін арттырады.