Жетісу облысында отбасы институтын нығайту мен әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға бағытталған «Жетісу әкелер мектебі» әлеуметтік жобасы іске асырыла бастады. Жобаның басты мақсаты – өңірдегі кемінде 1000 әке мен ұл баланы қамти отырып, жауапты әке болу мәдениетін қалыптастыру және аймақтық қоғамдық тәлімгерлік институтының негізін қалау.
Жоба аясында облыстың 8 ауданы мен 2 қаласында ата-аналар комитеттері мен әкелердің қатысуымен 100-ден астам жүйелі кездесулер ұйымдастырылады. Бұл жиындарда ұл бала тәрбиесіндегі заманауи сын-қатерлер, әкенің құқықтары мен міндеттері және ер адамның мектеп өміріне белсенді араласу тәсілдері кеңінен талқыланбақ. Сонымен қатар, әке мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайту үшін өңір бойынша 30-ға жуық спорттық іс-шара мен арнайы отбасылық бағдарламалар өткізу жоспарланған.
Бастаманың ең ауқымды түйіні – облыстың түкпір-түкпірінен 500-ден астам делегаттың басын қосатын өңірлік Әкелер форумы болмақ. Форум аясында үздік әкелер марапатталып, озық тәрбиелік тәжірибелер ортаға салынады.