20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай Талдықорған қаласындағы Жастар спорт сарайында ерекше балалар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Аталған шара «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мен «Таулы Қарабақ» соғыс ардагерлері ұйымының бірлесуімен өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – ерекше балаларды қоғамға бейімдеу, олардың бойындағы сенімді арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау. Бұл күн тек жарыс емес, балалардың мүмкіндіктерін көрсететін, олардың рухын көтеретін маңызды алаңға айналды.

Шараға «Жас Жауынгер Тұсаукесер» жобасы аясында жаттығып жүрген ерекше балалар қатысты. Бүгінде бұл жоба Астана қаласында бастау алып, еліміздің түрлі өңірлерінде кеңінен дамып келеді.

Талдықорған қаласы филиалының өкілі  Данель Уәлбайдың айтуынша, қазіргі таңда бұл орталықта 20 ерекше бала тұрақты түрде жаттығуда.

  • Бүгінде жаттығуға ДЦП, Даун синдромы және есту қабілеті бұзылған балалар қатысады. Жаттығу процесінде балаларға тізерлеп жүру, күрес және бокс элементтері үйретіледі. Мұндағы басты ұстаным – «балаларды спортқа емес, спортты балаларға бейімдеу». Бұл тәсіл әр баланың мүмкіндігіне қарай дамуына жағдай жасайды.

Жарыс барысында қатысушылар асық ату және арқан тартыс бойынша өзара бақ сынасты. Әрбір бала өз қабілетін көрсетіп, табандылық пен жігердің үлгісін көрсетті. Көрермендер мен ата-аналар балаларға қолдау білдіріп, ерекше атмосфера қалыптасты.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан қатысушылар 1, 2, 3 орындармен марапатталып, кубоктар, медальдар және алғыс хаттар табысталды. Дегенмен, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні барлық қатысушылар – жеңімпаз.


«Бүгінгі шара өте ерекше. Біздің мақсат – отбасы құндылықтарын дәріптей отырып, берік отбасы қалыптастыру. Бүгінгі шарада осы мақсатқа бір қадам жақындадық деп ойлаймын»
, – дейді «Жанұя» отбасын қолдау орталығы басшысының орынбасары Ляззат Шайғалиева.

Аталған шара ерекше балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың қоғамдағы орнын айқындауға, өз-өзіне деген сенімін арттыруға үлкен ықпал етті. Ұлттық спорт арқылы балалардың рухы көтеріліп, олардың болашаққа деген сенімі нығая түсті.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *