Келе жатқан Наурыз мейрамы қарсаңында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары тұрғындарды мерекелік іс-шаралар кезінде тағамнан уланудың, әсіресе адам өміріне аса қауіпті ботулизм ауруының алдын алуға шақырады. Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасованың мәліметінше, 2025 жылы облыс көлемінде ботулизмнің 1 жағдайы тіркеліп, 2 адам зардап шеккен, оған үйде дайындалған консервіленген баялды себеп болған.
Мереке күндері алаңдарда орнатылатын киіз үйлер мен көшпелі сауда орындарында Наурыз көже, бауырсақ, палау сынды ұлттық тағамдардың жаппай сатылатынын ескере отырып, халыққа бірнеше маңызды кеңес ұсынылады. Біріншіден, рұқсат етілмеген орындардан және көшеден үй жағдайында дайындалған консервіленген өнімдерді сатып алуға тыйым салынады. Екіншіден, кез келген өнімді аларда оның жасалған күніне, сақтау мерзіміне және қаптамасының бүтіндігіне назар аудару қажет. Көшеде тамақтанар алдында жеке гигиенаны сақтап, қолды тазалап жуу немесе антисептикалық салфеткаларды пайдалану – уланудан қорғанудың ең қарапайым әрі тиімді жолы.
Сонымен қатар, мерекелік сауданы ұйымдастырушы кәсіпкерлерге де қатаң талаптар қойылады. Олар дайын тағамдарды піскен сәтінен бастап 3 сағаттың ішінде сатып үлгеруі тиіс және өнімдерді тасымалдау кезінде термоконтейнерлерді пайдалануы міндетті. Сатушылардың медициналық кітапшасы мен арнайы киімі болуы, тек бір реттік ыдыс-аяқты қолдануы және шикі өнімдер мен дайын тағамдарды бөлек ұстау технологиясын сақтауы қатаң бақыланады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *