Ел тағдыры таразыға түсер тарихи сәттерде халықтың әрбір таңдауы айрықша мәнге ие. Осындай жауапты кезеңде Текелі қаласының 98 жастағы тұрғыны, еңбек ардагері Майнұр Ибраимова да ел болашағына бейжай қарамай, референдумға қатысып, өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен қарияның белсенділігі – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Текелі қаласында тұратын Майнұр Ибраимова бүгінгі саяси науқаннан шет қалмай, дауыс берді. №448 референдум учаскесінің комиссия мүшелері қарияның өтінішін ескеріп, жылжымалы дауыс беру жәшігін үйіне апарып, оның таңдау жасауына жағдай жасады. Осылайша өмір жолында талай белесті артқа тастаған ардагер ел тағдырына қатысты маңызды шараға өз үлесін қосты.
Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген Майнұр әже бейбітшілік пен бірліктің қадірін ерекше бағалайтынын айтты.
– Мен өмірдің талай соқпағынан өттім, көпті бастан өткердім. Сұрапыл соғыстың ызғарын да сезіндік. Сондықтан бейбіт күннің, ел тыныштығының, халық ынтымағының қадірін жақсы білемін. Бүгінгі референдумда мемлекетіміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін таңдауымды жасап отырмын. Бұл – аса маңызды кезең. Әр азамат оның мәнін жүрегімен сезінуі керек, – деді қария.
Ғасыр куәсіндей болған ананың ақ батасы мен ізгі тілегі жиналғандарға ерекше әсер қалдырды. Талай жылғы адал еңбектің ізі қалған тарамыс қолын жайып, ол елге амандық, халыққа береке мен бірлік тіледі.