Елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – жаңа Конституция жобасы бойынша өткен референдум болды. Осы маңызды саяси науқан аясында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде орналасқан №394 референдум учаскесінде дауыс беру белсенді өтті.
Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері жоғары азаматтық белсенділік танытып, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады.
Іс-шараның ерекшелігі 100-ден астам профессор-оқытушы және студент дауыс беру учаскесіне ұлттық киіммен келді. Бұл қазақ халқының ұлттық дәстүріне, мәдениеті мен рухани құндылықтарына деген құрметтің жарқын көрінісі әрі бірлік пен азаматтық жауапкершіліктің символы болды.
Дауыс беруге І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бүрібаев та қатысты.
Ректордың айтуынша, референдум азаматтарға мемлекеттің даму бағытын айқындауға тікелей қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал. Конституция – құқықтық мемлекеттің негізі, заң үстемдігін нығайтудың және әділетті қоғам қалыптастырудың басты тірегі. Сондықтан әрбір азаматтың мұндай саяси үдерістерге қатысуы ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі.
Ермек Әбілтайұлы сондай-ақ жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру білім беру мекемелерінің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Университет тек білім беріп қана қоймай, қоғам мен мемлекеттің дамуына белсенді үлес қосатын жауапты ұрпақты тәрбиелейді.