Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдумға 106 жастағы тұрғын Нұрбала Қабанбаева қатысып, өз таңдауын жасады.
Жасы жүзден асқан сайлаушыға дауыс беру үйінде ұйымдастырылды. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қарияның үйіне барып, оның конституциялық құқығын жүзеге асыруына жағдай жасады.
Нұрбала Қабанбаева жасының үлкендігіне қарамастан ел өміріндегі маңызды мәселеге бейжай қарамай, азаматтық белсенділік танытты. Оның айтуынша, дауыс беру – әр азаматтың борышы.
Нұрбала Қабанбаева – Ескелді ауданының еңбек ардагері. Ол ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында адал еңбек етіп, қырманда, құрылыс жұмыстарында, сүт-тауар фермасында және қызылша алқаптарында қызмет атқарған. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында ол ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Үй жағдайында дауыс беру барлық талапқа сай ұйымдастырылды.