Қаратал ауданында ғасыр жасаған тыл ардагері, Мария Куцева ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жасы 100-ге келсе де, жаңа коституцияға жауапкершілікпен қарайтын әже денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне бара алмағанымен, арнайы ұйымдастырылған мүмкіндік арқылы өз дауысын шаңырағында беріп, елдің ертеңіне деген сенімін білдірді.
Осы орайда Үштөбе қаласының әкімі Қуат Оңғаров бастаған бір топ азамат, ардақты ананың үйіне барып, құрмет көрсетіп, камзол жауып, ақжарма тілектерін жеткізді.
– Әділетті Қазақстанды құруға бәріміз атсалысуымыз керек. Сондықтан сайлауда әр адамның дауысы маңызды. Еліміз тыныш, бала-шағамыз аман болып, Қазақстанымыз көркейе берсін, – деді кейуана.
Мария Денисовна – еңбек жолын аудандық білім бөлімінде есепші болып бастап, осы салаға саналы ғұмырын арнаған жан. Анасының жолын жалғаған қызы да ұзақ жыл есепші болып қызмет істеді. Бүгінде екеуі де зейнеткерлікке шыққанымен, ел тынысына бейжай қарамайтын белсенді жандардың қатарында.