2026 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 232-1-бап енгізілді. Аталған жаңа норма үшінші тұлғаларға банктік реквизиттерді беруге, сондай-ақ өзге адамдардың мүддесі үшін немесе материалдық сыйақы алу мақсатында төлемдер мен ақшалай аударымдарды жүзеге асыруға тыйым салады.
Қарапайым тілмен айтқанда, дроппер — өз банктік картасына қолжетімділік беретін немесе атына карта не шот рәсімдеп, сол арқылы қылмыстық жолмен алынған қаражатты өткізетін адам. Осы тәсіл арқылы қылмыскерлер өздерінің жеке басын жасырып, қарапайым азаматтарды «қаржылық делдал» ретінде пайдалана отырып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысады.
Қылмыстық жауапкершілік енгізілгенге дейін дропперлік кеңінен таралып, іс жүзінде қылмыскерлер үшін қылмыстық әрекеттерді жасыру қызметін атқарды. «Дроп-карталар» арқылы алаяқтық, заңсыз ойын бизнесі, есірткі саудасы және басқа да ауыр қылмыстық құқықбұзушылықтар нәтижесінде алынған ақшалай қаражатты заңдастыру жүзеге асырылды. Тәжірибеде дропперлердің басым бөлігі қылмыскер емес, жеңіл табыс туралы уәделерге алданып қалған қарапайым азаматтар болып табылады.
Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік туралы заң мүлікті тәркілеумен қоса 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздей отырып, жауапкершіліктің нақты шегін айқындайды. Бұл ретте алаяқтыққа немесе өзге де қылмыстарға қасақана қатысу ниетін дәлелдеу талап етілмейді. Банктік картаны, реквизиттерді беру фактісінің өзі немесе олар арқылы қылмыстық жолмен алынған қаражаттың өткізілгені жауапкершілікке тарту үшін жеткілікті.
Банктік картаның жоғалғаны немесе ұрланғаны жөніндегі уәждер, әдетте, қабылданбайды, себебі реквизиттер мен PIN-код тек карта иесіне ғана белгілі. Дропперлікке қатысты әрбір фактке құқықтық баға беріліп, ол жауапсыз қалмайды.
Қазіргі уақытта Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде қаржылық барлау бөлімшесі жұмыс істейді. Аталған бөлімше күн сайын қаржылық операцияларды талдап, күмәнді транзакцияларды анықтайды және дропперлік деректеріне ерекше назар аударады. Мұндай фактілер анықталған жағдайда, карта бойынша барлық операциялар дереу бұғатталып, жан-жақты тексеру жүргізіледі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *