
Мен, Азина Мұхтарқызы Тоқтарман, Көксу ауданында туып-өстім. Еңбек жолымды мұғалім болып бастап, кейін аудандық кітапханада қызмет атқардым. 2025 жылғы қыркүйектен бастап Көксу аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығын басқарамын. Қазіргі уақытта Балпық би ауылында тұрамын. «Туған жерге туыңды тік» демекші, осы уақытқа дейін жинақтаған іс-тәжірибемді Көксу өңірінің өсіп-өркендеуіне, елді мекендеріміздің көркеюіне жұмсауды басты мақсатым деп білемін.
Білім, мәдениет және қоғамдық өмір
Білім мен мәдениет саласындағы тәжірибем маған жастар мен аға буынның сұранысын жақыннан түсінуге мүмкіндік берді. Сондықтан бағдарламамда:
Жастардың білім алуына, кәсіптік бағдар таңдауына және жұмыспен қамтылуына бағытталған жобаларды қолдауға ықпал ету;
Ауылдағы мәдениет ошақтары мен спорт нысандарының жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстарды қолдау, балаларға, жастарға және аға буынға арналған мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға бастамашы болу;
Еріктілік пен қайырымдылық бастамаларын, ауылдың қоғамдық ұйымдарымен бірлескен жобаларды қолдау.
Ашықтық — сенім кепілі
Мен жауапкершілікке, ашық диалогқа және ортақ іске сенемін. Тұрғындарды тұрақты қабылдап, әр өтініштің қаралу барысын бақылау, маңызды мәселелер бойынша қоғамдық талқылаулар өткізу және депутаттық жұмысымның нәтижелері туралы жүйелі есеп беру — менің басты міндеттерімнің бірі.
Сіздердің ұсыныстарыңыз бен сенімдеріңіз менің жұмысымның негізгі бағдары болады. Сіздің дауысыңыз — ауылдың дамуына қосылған үлес!