Балық ресурстары мен басқа да су жануарларының өсімін молайту мақсатында 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде су айдындарында 500 мыңға жуық сазан шабақтарымен балықтандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда, Жетісу облысының су айдындарына 891 мыңнан астам балық шабағы жіберілді.
Сондай-ақ, өңірдегі су айдындары бойынша 2,2 мың тоннадан астам балық аулау лимиті белгіленіп, жыл соңына дейін оның 800 тоннадан астамы ауланды.
Браконьерлікпен күрес шаралары аясында облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 91 фактісі анықталып, 86 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Инспекция материалдары негізінде құқық қорғау органдарымен 5 қылмыстық іс қозғалып, 2 адам сот шешімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 1 тоннадан астам заңсыз ауланған балық заңсыз айналымнан алынды.
Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өңірде 700 тоннадан астам тауарлы балық өндірілді. Акваөсіру саласын қолдау мақсатында 40 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидия қарастырылды.
Айта кету қажет, 2025 жылы балық шаруашылығын жүйелі дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасының «Аквашаруашылық туралы» жаңа Заңы қабылданып, саланың тұрақты дамуына, өндіріс көлемін арттыруға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндіктер ашты.