«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Құқық бұзушылыққа жол жоқ!» атты жасанды интеллект көмегімен әзірленген фотосуреттер мен бейнероликтер байқауы ұйымдастырылды.
Аталған байқаудың негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдағы құқық бұзушылыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ заманауи технологиялар арқылы әлеуметтік маңызы бар мәселелерге назар аударту. Байқау қатысушылары жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, заң мен тәртіп, азаматтық жауапкершілік, құқық бұзушылықтың салдары және қоғамдағы тәртіптің маңыздылығы тақырыптарын шығармашылық тұрғыда ашып көрсетті.
Іс-шара барысында қазылар алқасы қатысушыларды байқаудың мақсат-міндеттерімен таныстырып, ұсынылған жұмыстарды мазмұндық тереңдігі, идеяның өзектілігі, шығармашылық көзқарас және техникалық орындалуы бойынша бағалады. Әрбір бейнеролик пен фотожұмыс қоғамда заң үстемдігін насихаттауға қосқан үлесі тұрғысынан жан-жақты сарапталды.
Байқауға әділқазылық еткен қазылар алқасының құрамында: «Jetisu Digital» менеджері — Маржан Мулкибаева; «Jetisu jastary» КММ директорының орынбасары — Сәрсекбай Ақылұлы; «Jetisu jastary» КММ PR бөлімінің басшысы — Аяжан Нурахметова болды. Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысы төмендегідей анықталды: І орын — Панфилов жастары; ІІ орын — Сарқан жастары; ІІІ орын — Талдықорған жастары.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және марапаттармен марапатталды. Байқауға барлығы 30 жас қатысып, олардың әрқайсысы қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, заң мен тәртіп қағидаттарын дәріптеуге өз үлестерін қосты. Бұл іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, жасанды интеллект технологияларын әлеуметтік бағытта тиімді қолдануға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.