Қоғамдық келісім КММ-нің Панфилов аудандық филиалы мен Үшарал ауылының Үшарал орта мектебінің ұйымдастыруымен, мектеп директоры Ұлмекен Базарханқызының жетекшілігімен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Еңбегімен ел таныған» атты тағылымды еске алу шарасы өтті.
Тағылымды іс-шара ширек ғасырға жуық «Үшарал» колхозын абыроймен басқарған, ел ішінде «Дала академигі» атанған Нүсіпбек Қыбырайұлы Сауранбаевтың өнегелі еңбек жолына арналды.
Еске алу кешіне Нүсіпбек атаның ұрпақтары, онымен бірге қызмет еткен әріптестері, ауылдық округ әкімі және ауданнан арнайы шақырылған қадірлі қонақтар қатысты.
Шара барысында елге еңбегімен танылған тұлғаның есімі берілген арнайы сынып кабинеті салтанатты түрде ашылды. Өнер мен әдебиетке жақын оқушылар Нүсіпбек атаның өмірі мен еңбек жолын арқау еткен сахналық қойылымдар ұсынып, жүрекжарды арнау өлеңдерін оқыды. Бақыт Дүйсенғалиұлының ұйымдастыруымен мектептің өнерлі жастары құрған оркестр күмбірлеген күй орындап, көрермендердің зор ықыласына ие болды.
Іс-шара соңында Нүсіпбек атаның ұрпақтары барлық қатысушы оқушыларға естелік сыйлықтар табыстап, осындай мәні терең, тәрбиелік маңызы зор шараны ұйымдастырған мектеп директоры мен ұстаздар ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.