Қазақстанда Салық кодексіне енгізілген бірқатар жаңалықтар таныстырылды. Өзгерістердің барлығы кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға түсетін жүктемені азайтуға, салық берешегін өндіру тәртібін жеңілдетуге және шағын қарыздарға қатысты икемді саясат қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, салық міндеттемесі уақытында орындалмаған жағдайда өсімпұл есептеу жалғасады, бұл көрсеткіш Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне негізделеді. Сонымен қатар банк шоттарынан шығыс операцияларын тоқтату және қарыз өтелгенге дейін мүлікті пайдалануға шектеу қою тетіктері сақталып отыр.
Алайда қарызды мәжбүрлеп өндіру тәртібіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді: енді қабылданатын шаралар берешек көлеміне қарай сараланады. Осы мақсатта «салық берешегінің шекті мөлшері» ұғымы енгізілді. Егер қарыз көлемі 20 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 87 мың теңгеге дейін) аспаса, салық төлеушіге тек алдын ала ескерту-хабархат жіберіледі, ал мәжбүрлі шаралар қолданылмайды. Берешек 20-45 АЕК аралығында болған жағдайда салық төлеушіге бес жұмыс күні ішінде хабарлама жолданып, он күн ішінде өтеу қажет болады.
Мерзімі бұзылған жағдайда шоттар мен кассалық операциялар тоқтатылады және инкассалық өкім қойылады. Ал қарыз 45 АЕК-тен асқанда барлық мәжбүрлі шаралар толық көлемде іске қосылады: шоттарға инкассалық өкім қойылады, мүлік тәркіленіп сатылымға шығарылады, берешек дебиторлық қарыздар есебінен өндіріледі. Дебиторларға он күн ішінде хабарлама жіберіліп, оны 20 жұмыс күні ішінде орындау міндеттеледі.
Бұдан бөлек, салық берешегі үш айдан астам жабылмай, көлемі 27 000 АЕК-тен (106 млн теңгеден) асып кеткен жағдайда салық төлеушінің елден шығуына уақытша шектеу енгізіледі.
Қаржылық қиындықтарға тап болған кәсіпкерлер үшін де жеңілдіктер қарастырылған. Берешегі 1500 АЕК-тен (шамамен 6 млн теңгеге дейін) аспайтын салық төлеушілер қарызды кепілсіз бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте мүлікті бағалау немесе сақтандыру талап етілмейді, алайда өтініш берушінің жұмыс өтілі, негізгі құралдарының болуы және қызметкерлер саны сияқты белгілі бір талаптарға сәйкестігі ескеріледі.
Сонымен қатар өнім өндіруге қажетті тауарлар мен шикізатты импорттау кезінде қосылған құн салығын төлеуді кейінге қалдыруға рұқсат беріледі. Мұндай тауарлар тізімін уәкілетті орган бекітеді. Салықты кейінге қалдыру мерзімі 6 айға дейін белгіленіп, төлем бір жолғы тәртіппен жүзеге асырылады, ал бөліп төлеу 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Мерзімі бір жылдан асатын жағдайда мүлікті кепілге қою немесе банктің кепілдігі талап етіледі. Өтініш беру негіздері – форс-мажор, маусымдық ерекшеліктер, қаржылық қиындықтар, қосымша есептілік және қайта құрылымдау тәрізді жағдайлар өзгеріссіз қалды. Өтінішті қарау мерзімі 20 жұмыс күніне дейін белгіленген.
Жалпы алғанда, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – шағын қарызы бар салық төлеушілерге түсетін қысымды азайту. Бұрын тіпті 1 теңге қарыз шықса да мәжбүрлі шаралар қолданылатын болса, жаңа Салық кодексі бойынша кәсіпкер алдымен қарызды өз еркімен өтеу туралы хабарлама алады. Яғни енді шаралар қарыз мөлшеріне қарай кезең-кезеңімен, әділ және икемді түрде іске қосылады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *