Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру мақсатында Жетісу облысында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық даму үрдістерін талқылау арқылы Қазақстанның инновациялық және технологиялық болашағын айқындау, сондай-ақ жастарды жаңа технологияларды игеруге және оларды жауапкершілікпен пайдалануға ынталандыру болды.

Дөңгелек үстелге Жетісу облысының белсенді жастары, ІТ және білім беру саласының өкілдері, сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысты. Шара барысында жасанды интеллекттің қоғам өміріндегі рөлі, оның экономика мен білім беру саласына тигізетін оң әсері, инновациялық экожүйе қалыптастырудағы маңызы, сондай-ақ технологияны этикалық және қауіпсіз пайдалану мәселелері талқыланды.

Спикер ретінде Astana Hub өңірлік хабының менеджері Мулкибаева Маржан Төлеужанқызы қатысып, өңір жастарына жасанды интеллект саласындағы заманауи үрдістер, стартаптарды дамыту мүмкіндіктері және инновациялық экожүйенің ел дамуына қосар үлесі туралы ой-пікірін ортаға салды.

 Кездесу кезінде қатысушылар өз ойларымен және тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың цифрлық даму үдерісіне қатысуын арттыру, жасанды интеллект саласындағы бастамаларды тиімді жүзеге асыру жолдары бойынша ұсыныстар әзірледі. Сонымен қатар, жастар өздерінің жасанды интеллектке негізделген жобалары мен идеяларын таныстырып, өңір деңгейінде іске асыру тетіктері қарастырылды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар жасанды интеллектті дамыту – Қазақстанның технологиялық серпілісінің маңызды бөлігі екенін атап өтіп, осы бағыттағы білім мен тәжірибені жастар арасында кеңінен насихаттау қажеттігін жеткізді.

«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» дөңгелек үстелі жастардың инновациялық ойлау қабілетін дамытып, елдің цифрлық болашағын қалыптастыруға үлес қосуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *