Тазалық – баршаға ортақ іс. Туған өлкеміздің тазалығы өзімізге тығыз байланысты. Қанша жерден тазалық шаралары жүргізіліп жатса да артынша қоқыстар пайда болып жатады.

Ал қоқыс қалдықтары – адамзаттың ең басты өзекті мәселелердің бірі. Заманның қарқынына байланысты адамзаттың тауарлар мен өнімдерді  қолдану және тұтыну мәдениеті өзгеруде, олар әртүрлі қаптамаларда шығарылып, саудада жүреді. Осының салдарынан қалдықтардың мөлшері де артып келеді, тіпті көшелерде, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында, өзендердің бойында тұрмыстық қалдықтардың көптеп жиналуы байқалады.

Мұндай жағдай әртүрлі жануарлар мен кеміргіштердің тіршілік ету ортасы болып табылады. Олар өз кезегінде жұқпалы және паразитарлық аурулардың пайда болуы мен таралуына қауіп төндіруі мүмкін.

Сонымен қатар, қоқыс қалдықтары атмосфералық ауаны да ластайды. Бұл жағдайда қалдықтар күн сәулесінің әсерінен қызады және құрамындағы зиянды газдар ауаға көтеріліп оттегімен әрекеттеседі. Сондықтан әр адам өзінің тұрғылықты жерін таза ұстап, ластануға жол бермегені абзал.

Осы ретте, облыс аумағында облыс әкімінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №88 қаулысына сәйкес санитарлық тазалық айы өткізіліп тұрады. Шара аясында Департаменттің аумақтық басқармалары бекітілген аумақтарды жинап қана қоймай, қоршаған ортаның жай-күйіне назар аударады. Мәселен, елді мекендерді аралау барысында анықталған заңдастырылмаған қоқыс алаңдары бойынша мәселені жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарына қарастыруға жолдайды.

«Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Кодексінің 505-бабына сәйкес қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру дерегі бойынша ішкi iстер органдары және аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға құқылы. Осыған байланысты, барлық облыс тұрғындарын бей-жай қарамауға, керісінше өз үйлерінің аулалары мен іргелес аумақтарын тазалауға, қоршаған ортаға құрметпен қарауға және санитарлық тазалық айлығы аясында өткізілетін сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырамыз»,- деп атап өтті Жетісу облысы СЭБД басшысы Асхат Чарапиев.

Есіңізде болсын, тазалықты сақтау және қоршаған ортаны күтіп ұстау өзімізден басталады! Жерімізді таза ұстайық!

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *