Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен жұмыссыздар мен жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара «Еңбек жолы» республикалық конкурсы мен Еңбек күнін атап өту аясында өтіп, оның басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарға, жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және әлеуметтік осал топтарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау құралдарымен таныстыру болды. 

Жәрмеңкеге жұмыссыз жүрген азаматтар, еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар тұлғалар, колледж және ЖОО-ның жұмыссыз түлектері, пробация қызметінің есебінде тұрғандар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар қатысты. Іс-шара барысында 8 жұмыс беруші 70-тен астам бос жұмыс орнын ұсынып, қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өз түйіндемелерін тапсырды және нақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, жәрмеңкеде азаматтарға субсидияланатын жұмыс орындары (мысалы, «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны», жастар практикасы, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары, мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындары), қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстарына жолдама алу, кәсіптік біліктілікті тануға арналған біржолғы ваучер рәсімдеу, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу сияқты қолдау шаралары ұсынылды. Білім алушы жастар үшін «Мансап компасы» платформасы арқылы кәсіби бағдар, Skills Enbek платформасы арқылы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн курстар, сондай-ақ электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу бойынша кеңес беру мүмкіндіктері таныстырылды. 

Бұл жәрмеңке – азаматтардың кәсіби дамуына, әлеуметтік бейімделуіне және еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашатын маңызды алаң болды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *