Жетісу облысында жастардың шығармашылығын қолдап, қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған тың бастама қолға алынды. Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Jetisu jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және облыстық «Жайдарман» филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен биыл алғаш рет ауқымды жастар жобасы жүзеге аспақ.
Қыркүйек-қазан айлары аралығында облыстың 8 ауданы мен 2 қаласында аудандық және қалалық деңгейдегі іріктеу ойындары өтеді. Сол кезеңде үздік шыққан командалар Жетісу облысы әкімінің Кубогы үшін жарысқа жолдама алады. Бұрын мұндай додаға басқа өңірлерден тәжірибелі командалар қатысып келген болса, биыл тек Жетісу облысының командалары сынға түспек. Бұл бастама ішкі бәсекелестікті дамытуға, жергілікті таланттарды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ, тәжірибелі жайдарманшылар жас ойыншыларға тәлімгерлік жасап, сапалы әзіл құрудың қыр-сырын үйретпек.
Бұл шараның негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларды қоғамдық әрі мәдени өмірге белсенді тарту, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі жастар талантты, креативті және сөзге шешен. Сол қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік беретін алаңдардың бірі – «Жайдарман» ойындары. Сахнада жастар тек әзіл айтып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерге өз көзқарасын білдіруге, тың идеяларын ортаға салуға мүмкіндік алады.
Өңір көлемінде өткізілетін ойындардан бөлек, Талдықорған қаласында республикалық деңгейдегі Жетісу аймақтық лигасы өтеді. Мұндай жоғары деңгейлі лига елімізде тек Астана мен Алматы қалаларында және Жетісу облысында ғана ұйымдастырылады.
Биылғы маусымның жалпы жүлде қоры 3 миллион теңге. Ұйымдастырушылардың есебі бойынша, шара барысында мыңнан астам жас қамтылады. Бұл жоба жастардың бос уақытын тиімді өткізуге ғана емес, жаңа шығармашылық ұжымдардың құрылуына да жол ашады деп күтілуде.
«Жайдарман – жай ғана ойын емес. Ол – жастарды ортақ ой мен ортақ мақсатқа біріктіретін үлкен алаң. Бұл сахнада жаңа есімдер ашылып, жас буынның бойында патриоттық сезім, жауапкершілік пен белсенділік арта түсетініне сеніміміз мол», – дейді ұйымдастырушылар.
