Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 2030 жылға қарай елімізде электр қуаты тапшылығының туындайтыны айтылған еді. Мамандардың пікірінше, қазірдің өзінде электр қуатына сұраныс артып, жетіспеушілік байқала бастаған.
Бұған дейін елде атом электр стансысын салу мәселесіне қатысты әртүрлі пікір айтылды. Бірқатары елде энергия тапшылығы күн сайын артып келе жатқандықтан бұл аса қажеттілік екенін алға тартса, енді бірі: «Қазақстан стансы салуға әлі дайын емес!» деп дабыл қақты. Осыған байланысты бүгін еліміздің әр азаматы өз таңдауын жасап, болашаққа нық қадам басты деп ойлаймын. Бұл тұрғыда мен де өз ойыммен бөлісіп, пікір білдіргенді жөн көріп отырмын.
Қазір бүкіл әлемдік бизнес үшін көміртегі салығы және өнім экспорты мәселелерінің маңызы өсті. Электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі шешілмесе Қазақстанның әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін жоғалту қаупі бар. Экономика қарыштап өсіп жатқан тұста бізге қуат көздері ауадай қажет. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік үшін басты проблеманың бірі – электр энергиясының жеткіліксіздігі. Өйткені, ең көп энергия қуатын пайдаланатындардың қатарында өнеркәсіп орындары екені белгілі. Жасыратыны жоқ, бүгінде көптеген тиімді жобалар электр қуатының тапшылығына байланысты тұралап тұр. Сондықтан, бұл мәселе бойынша дұрыс шешім қабылдамасақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың және инвестициялық жобалардың одан әрі артуы мүмкін емес.
Уақыт талабы болғандықтан бұл мәселеге жайбасарлық танытуға болмайды. Яғни, өнеркәсіп пен экономиканы одан әрі өркендету үшін елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Тұрақты энергиямен қамтамасыз ету – бұл болашақтың ғана емес, сонымен бірге бәсекеге қабілеттілікке де әсер ететін бүгінгі күннің басты тақырыбы.
Римма Салықова,
«Алматы бояулары» ЖШС бас директоры