Қоғамда атом электр стансысын салу мәселесі қызу талқыға түскені белгілі. Бүгін соны айқындайтын шешуші кезең болып отыр.

Осыған сәйкес, мен де өз таңдауымды жасап, көппен бірге азаматтық борышымды атқардым. Өйткені, Қазақстанның энергетикалық болашағы бәріміз үшін маңызды. Себебі, бұл келешекке нық қадам жасауға ықпал етеді деген үлкен сенім бар. Қазақстанның қазіргі энергетикалық балансы әлі де көмірге тәуелді. Бұл елдің экономикалық дамуына кері әсер етіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да үлкен қауіп төндіруде.

Айта кетейік, елдегі электр қуатының басым бөлігі көмірден, сосын табиғи газдан өндіріледі. Ал жаңартылатын энергия көздеріне тиесілісі мүлде аз. Көмір өндірісі су ресурстарына да елеулі зиян келтіреді. Осының бәрі Қазақстан үшін энергияны әртараптандыру мен экологиялық таза технологияларға көшудің қажеттілігін айқын көрсетеді. Жалпы энергияны экологиялық таза көздерге көшіру тек қоршаған орта үшін ғана емес, сондай-ақ, елдің экономикалық болашағы үшін де аса маңызды қадам.

Соңғы мәліметтер мен сараптамаларға сүйенсек, еліміздегі энергетикалық сұраныс жыл сайын артып келеді. Мемлекеттің экономикалық дамуы мен халық санының өсуі де осыған себеп болып отыр. Энергия тапшылығының артуы сыртқы көздерге тәуелділікті де күшейтетінін айта кеткен жөн. Бұл, әсіресе, Ресей мен Қытай сияқты көршілес мемлекеттерден электр энергиясын импорттауға мәжбүр етуі ықтимал. Энергияның негізгі бөлігін сырттан сатып алу ұлттық энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, экономикалық тәуелділікті арттыратынын да білген абзал.

Мамандардың айтуынша, алдағы 2030 жылға қарай энергия тұтыну деңгейі шамамен 35 пайызға артады. Қазіргі таңда көмірмен жұмыс істейтін электр стансылары экологиялық тұрғыдан тиімсіз және тозығы жеткен. Сондықтан, бұл мәселені ұзақ мерзімді шешу қиынға соғуда. Бір сөзбен айтқанда, атом электр стансысы тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде осы мәселені шешуде маңызды рөл атқарады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *