Жетісу облысында Алакөлдің туристік маусымы қарқынды басталды. Жаңартылған инфрақұрылым, жетілдірілген көлік қатынасы, қауіпсіздік пен санитарлық талаптарға сай жағдай – биылғы шомылу маусымының басты артықшылықтары. Бұл туралы Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Туристерді көптеп тарту мақсатында өңірде бірқатар нақты жұмыстар атқарылды. Жаңа маусымда көлге қатынау жеңілдеп, жағалауда жайлы әрі қауіпсіз демалу үшін барлық мүмкіндік жасалған. Биыл Үшарал қаласына ұшатын рейстердің саны артты. Енді Астана мен Алматыдан күн сайын «Үшарал» бағытына субсидияланған әуе қатынасы ұйымдастырылған. Билет құны – небәрі 20 000 теңге. Сонымен қатар, Үшарал әуежайы қайта жаңартылып, ірі әуе кемелерін қабылдауға бейімделді.
Темір жол қатынасы да кеңейді – Алакөл бағытына 13 пойыз қатынайды, оның ішінде «Тальго» жүрдек пойыздары бар. Жаңа бағыттар қатарында Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Семей және Ақтоғай қалалары бар.
Алматы және Талдықорған автобекеттерінен Ақши мен Көктұма ауылдарына тікелей автобус маршруттары іске қосылды. Жол ақысы – 5 000-нан 9 000 теңгеге дейін.
Жағалаудағы қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ақши ауылында тәулік бойы жедел жәрдем қызметі, дәрігерлік амбулатория мен дәріхана жұмыс істейді. Облыс орталығынан тәжірибелі мамандар – хирург, кардиолог, травматологтар арнайы іссапармен жіберілген.
Судағы және жағалаудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелері тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. 9 құтқару мұнарасы орнатылып, 19 құтқарушы мен 28 полиция қызметкері жұмылдырылған.
Байланыс пен интернет сапасын арттыру мақсатында 16 базалық станция іске қосылып, оптикалық-талшықты желі тартылды. Туристік нысандар интернетке кезең-кезеңімен қосылуда.
