Жетісу облысында орналасқан демалыс базалары мен жағажайлар жазғы маусымда халық көп шоғырланатын орындардың бірі. Осыған байланысты олардың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы қатаң бақылауға алынды.
Санитариялық талаптарға сәйкес, демалыс орындары өз қызметін бастамас бұрын міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы қажет. Сонымен қатар, нысандарда өндірістік бақылау жүргізіліп тұруы тиіс. Бұл талаптарды орындамаған жағдайда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс негізінде тиісті шаралар қолданылады.
Бүгінгі күні облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Алакөл көлінің бойында – 74, Балқаш көлінің бойында – 10 демалыс аймағы ресми бақылауға алынған.
Шомылу маусымы басталар алдында аталған су айдындарынан микробиологиялық, химиялық, паразитологиялық, вирусологиялық және тырысқаққа арналған 200-ден астам сынама алынып, зерттелді. Барлық нәтижелер гигиеналық нормативтерге сәйкес болып шықты.
Жағажай маңындағы топырақ та зерттеліп, ауыр металдар мен паразитологиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіз деп танылды. Бұл тұрғындардың денсаулығы үшін маңызды қадамдардың бірі.
Сонымен қатар, демалушылар тарапынан жағажайларда қалдырылатын қоқыс мәселесі де алаңдаушылық тудырып отыр. Мұндай немқұрайдылықтың салдарынан су мен топырақ ластанып, инфекциялық аурулардың таралу қаупі артады. Сондықтан демалыс орындарында тәртіп пен тазалықты сақтау әр азаматтың жауапкершілігі екенін естен шығармау қажет.
Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі кәсіпкерлерге санитариялық заңнама талаптарын бұзбай, қызметті заңды түрде жүргізуге және өз объектілеріне санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға шақырады.
