Бүгін Жастар ауылдық кітапханасында қазақтың әйгілі ақыны, ХІХ ғасырдың көрнекті өкілі Бақтыбай Жолбарысұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Бақтыбай әуені» атты танымдық сағат өткізілді. Іс-шараны ауылдық кітапханашы ұйымдастырып, мектеп оқушылары мен жас оқырмандар, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Шараның негізгі мақсаты – қазақ әдебиетінің бай мұрасын насихаттау, соның ішінде Бақтыбай Жолбарысұлының шығармаларын жастарға таныстырып, оның поэзиясы арқылы ұлттың рухани құндылықтарына баулу. Іс-шара барысында қатысушылар ақынның өмір жолымен, шығармашылық мұрасымен жан-жақты танысты. Кітапханашы ақынның өлеңдері мен толғауларына тоқталып, олардың мазмұндық және көркемдік ерекшеліктеріне терең талдау жасады. Әсіресе Бақтыбайдың ел бірлігі, ерлік, туған жер тақырыптарындағы жырлары оқылып, олардың тәрбиелік маңызы айрықша атап өтілді. Сонымен қатар, шара барысында оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылды. Бұл оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын арттырып, көркем сөзге деген сүйіспеншілігін оятты. Шара соңында кітап көрмесі ұсынылып, оқырмандарға Бақтыбай Жолбарысұлының шығармалары мен өмірі жайлы қосымша әдебиеттер таныстырылды. Мұндай танымдық шаралар жас ұрпақтың әдебиетке деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың ұлттық болмысты танып-білуіне де зор ықпал етеді.