2025 жылғы 15-16 мамыр күндері Талдықорған қаласында «Оқушылар сарайы» ғимаратында жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауының қорытынды кезеңі өтуде. Аталған іс-шара Білім басқармасы мен «Жетісу дарыны» облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен өткізілуде.
Байқаудың мақсаты – қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту, дарынды жастарды анықтау.
Биылғы байқауға еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық оқушы қатысуда. Қатысушылар 5 номинация бойынша бақ сынауда:
•«Ілияс – эпик ақын» (шығарманы жалғастыру);
•«Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап» (жас ақындар);
•«Ілияс – қарасөз шебері» (көркемсөз оқу);
•«Сұлу сөздің сүлейі» (шығарманың көркемдік құрылымын талдау);
•«Заманның заңғар тұлғасы» (буктрейлер дайындау).
Салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде Жетісу облысы әкімінің орынбасары Көлбаев Марлен Қапашұлы және Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Жүнісов Дәурен Хабдолдаұлы қатысты.
Байқау жеңімпаздарын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, танымал ақындар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен өңіріміздің тәжірибелі педагогтері бағалайды.
Іс-шара бағдарламасы аясында қатысушыларға Мұхамеджан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ілияс Жансүгіров мұражайына танымдық экскурсиялар және Талдықорған қаласының ойын-сауық орталықтарына саяхат ұйымдастырылған.
Байқау жеңімпаздарына 5 номинация бойынша «Бас жүлде», І, ІІ, ІІІ орындар тағайындалып, қатысушылардың жалпы санының 45%-ы марапатталады. Бас жүлде иегерлеріне Smart теледидарлар, І орынға – планшеттер, ІІ орынға – ақылды колонкалар, ІІІ орынға – смарт-сағаттар, ал грамоталар иелеріне құлаққаптар табысталады. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен сыйлық пакеттері ұсынылады.