12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде пресс-тур өткен болатын. Шара барысында Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев журналистермен кездесіп, білім ордасы жайлы жалпы мағлұмат берді.

БАҚ өкілдері алдымен бас оқу ғимаратында орналасқан «Білім алушыларға қызмет көрсету орталығы», оқу-телерадиостудиясы, мультимедиялық бейнестудия, криминалистика және оқу-сот залын, инклюзивті білім беруге арналған арнайы кабинеттерді аралады.

«Арнайы білім беру мәселелерін зерттеу» орталығы журналистердің назарын ерекше аударды. Орталық көру, есту, тірек-қимыл аппараты және тағы басқа дамуында шектеуі бар балаларға арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда орталықтың маңызы зор.

Журналистер «Хуавей» орталығының ІТ саласындағы жұмысымен танысып, студенттерден құралған «Enactus Zhetysu» командасының мүшелерімен сұхбаттасты. Команда капитаны Асқар Рахым инновациялық жобаларымен таныстырып, алдағы жоспарларын айтты.

Сонымен қатар, университет жанынан ашылған Марке политехникалық университетінің филиалын аралады. Онда қос дипломды бағдарлама бойынша аграрлық сала мамандары даярланып жатыр. Филиалда студенттер еуропалық профессорлардан дәріс алып, бакалавр дәрежесі бойынша қазақстандық және италияндық дипломға ие болады.

Жетісу университеті өңірлік жоғары оқу орны болғанымен ғылыми техникалық базасы дамыған, әлеуеті зор білім ордасы. Қазіргі таңда университетте 8 нысаналы-бағдарламалы қаржыландыру, 7 гранттық қаржыландыру, 11 «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру, 1 коммерциализация бағыты бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Журналистер Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институтына барып, іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарымен танысты. Академиялық артықшылық және Speed breeding орталығын аралады. Орта Азияда аналогы жоқ Speed breeding орталығында өсіріліп жатқан дәнді-дақылдар мен алма ағаштарының түрлерін көрді. Университет басшысы Ермек Әбілтайұлы заманауи техникалық құралдармен жабдықталған лабораториялар ғылыммен айналысатын жас ғалымдар мен оқытушыларға, студенттерге зор мүмкіндік тудырып отырғанын айтты.

Жас өнертапқыштар Ж. Ахметов, А. Ибраимов, Қ. Жақпаевтың авторлығымен жасалған «Смарт-мотоцикл», «Электрлік питбайк», «Электрлік трицикл» журналистердің қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, олар білім ордасын жиҺазбен қамтамасыз етіп отырған «Өндірістік цехта» болып, Студенттер үйін аралады.

Пресс-турда І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғылымының қарқынды дамып келе жатқаны бірден байқалады. Жылдан жылға жаңашылдық енгізе отырып, білім ордасы жаңа маман иелерін даярлап шығаруда.