2024 жылдың 31 наурызында Панфилов аудандық маслихатының депутаттығына сайлау өтеді. Осыған орай, мен — ОШАНОВ АЙДЫН КӘРІМҰЛЫ, аталған сайлауға кандидат ретінде түсіп, өз сайлауалды бағдарламамды ұсынудамын.
Егер мен депутат болып сайлансам:
Атамекен ауылдық округі шекара маңында орналасқан ірі округтердің бірі болғандықтан округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларының орындалуына ықпал етемін.
Сонымен қатар бірінші кезекте өзімнің мамандығым бойынша халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, әр адамның құқығының сақталуына, міндеттерін орындауға заң аясында кеңес беремін.
Округ тұрғындарының негізгі қызметі жүгері өсіру болғандықтан, ауылшарушылығы саласы мамандарымен бірге агротехникалық жұмыстарының нәтижелі болуына, өнімдерді жинау, өткізу, сақтауын бақылауға аламын.
Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру мәселелері бойынша ұсыныстарды енгізіп, тиісті іс-шараларды атқарамын.
Экологиялық таза ортаны қалыптастыруға, округ тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, газбен жабдықтауға, қоқыс қалдықтарын таситын көліктерді көбейтуге күш саламын.
Білім мен тәрбие беру ісін жақсарту мақсатында мұғалімдердің мәртебесін көтеруге, балалардың толық мектепке тартылуын қамтамсыз етуге, тұрмысы төмен отбасыларының балаларына қамқорлық жасауға, округтегі оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш саламын.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, зейнеткерлерге, ардагерлерге, мүгедектерге және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуге ықпал етемін.
Қазіргі таңда қоғамдағы проблемалардың бірі – жұмыссыздық. Осы жағдайды ескере отырып, жұмыссыз азаматтарға жұмыс көздерін қарастыруға күш саламын.