2024 жылдың 11 айында ауданда 3 млрд. 900 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 69%-ға жетті. Инвестициялар көлемі – 18 млрд. 24 млн. теңге, бұл жылдық жоспардың 99%-ын құрайды. Бұл туралы Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков баяндады.
2024 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 20 млрд. 990 млн. теңгені құрады, бұл нақты көлем индексі бойынша 107,6%-ды көрсетеді. Оның ішінде:
• Мал шаруашылығы: 11 млрд. 500,8 млн. теңге (107,6%).
• Егін шаруашылығы: 9 млрд. 369 млн. теңге (107,0%).
Сонымен қатар биыл 15 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 161,3%-ға өскенін көрсетеді.
Аудандағы 35 елді мекеннің 33-і орталықтандырылған сумен қамтылған. Қалған 2 ауыл (Ұмтыл ауылы және 47-разъезд) орталықтандырылмаған су жүйесін пайдаланады.
Қаратал ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудандағы 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады, бұл 39 мың тұрғынды немесе 96,8%-ын қамтиды.
Үштөбе қаласын газдандыру ірі жобалардың бірі болып табылады. Мұнда 7 млрд. теңге көлеміндегі қаржыға газ тарату желілерінің құрылысы 2022 жылдан бастап жүргізілуде. Бүгінгі таңда ұзындығы 148 км газ тарату желілері салынып, іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, 4 блокты-модульді қазандық орнатылып, 17 көппәтерлі тұрғын үйдің (1626 тұрғын) жылытылуы қамтамасыз етілді.
Жалпы аудан бойынша газға қосылған абонент саны – 837. Аудандағы газдандыру жобаларының 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталуы жоспарланған. Бұл Қаратал ауданының барлық 19 елді мекенінің табиғи газбен қамтылуын қамтамасыз етеді.
2023 жылы Қаратал ауданында білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 197 млн. 666 мың теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары келесі нысандарда жүзеге асырылды:
• Абай атындағы орта мектебінің қоршауы;
• Қ.Байсейітов атындағы орта мектебінің электр жүйесі мен ғимараты;
• М.Горький атындағы орта мектебінің спортзалы;
• Жылыбұлақ орта мектебінің ғимараты;
• А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің электр жүйесі;
• Жаңаталап орта мектебінің ғимараты;
• Б.Римова атындағы орта мектеп-гимназиясының фойесі;
• №13 орта мектеп жанындағы интернаттың спортзалы.
Денсаулық сақтау саласы бойынша орталық аурухананың «А» блогына күрделі жөндеу жұмыстары 409,7 млн. теңгеге жүргізіліп, нысан 25 қазан Республика күніне орай пайдалануға берілді.
• «В» блогының жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады, дайындық деңгейі – 70%.
• Орталық аурухана аумағын абаттандыруға 315,1 млн. теңге бөлініп, дайындық деңгейі – 35%.
• Сарыбұлақ және Кішітөбе ауылдарында медициналық пункттерді орнату бойынша жұмыстар сот талқылауынан кейін жалғасады.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында Қызылжар, Қаражиде, Қанабек, Ортатөбе, Оян және Дөңши ауылдарында медициналық нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Алмалы ауылында медициналық пункттің блокты-модульдік ғимараты жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
2025 жылы Жаңаталап және Кәлпе ауылдарындағы амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.