ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті 2024 жылдың жұмыс қорытындыларын шығарып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасындағы 9 саланың 5-еуін қамтыды. Салалық бөлімшелердің бірлескен жұмысы мен антикоррупциялық мониторинг нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.
Мәселен Алакөл ауданында тұрмыстық қатты қалдықтарды полигонын тендер өткізбестен сенімгерлік басқаруға заңсыз беру фактілері анықталды. Мониторинг нәтижесінде облыстың барлық ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтері бекітілді.
2024 жылғы 11 қарашада пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге қарсы іс-қимыл бойынша ведомствоаралық бұйрыққа қол қойылды. Мониторинг ұсынымдарын орындау нәтижесінде 6,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынған 20 әкімшілік хаттама толтырылды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін Face ID функциясы бар «Favorit mobile» мобильді қосымшасы әзірленді. Бұл жаңашылдық мектеп директорларының ЭЦҚ кілттерін есепшілерге заңсыз беруді бол-дырмайды және олардың жеке жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
Сыртқы талдау нәтижесінде 110 мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқықтары қорғалды, қос қаржыландыру фактілері анықталып, мемлекет бюджетінен 4 млн теңге қайтарылды. Бұдан бөлек, төлемдердің дұрыс еместігін болдырмау үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Мемлекеттік сатып алуларды мониторингтеу арқылы жыл басынан бері 1 млрд 98 млн теңге үнемделді. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы шағымдарды қабылдауға арналған QR-қосымшасы әзірленді. Алдағы жылы Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы қамтитын жаңа салаларды мониторингтеу арқылы жұмыс ауқымын кеңейту жоспарланып отыр.
«Бизнеске жол» жобасы аясында төртінші тоқсанда 153 кәсіпкердің құқықтары қорғалды, жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілерінің 3 324-і қамтылды.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының ӘҚБтК 173, 676 және 680-баптары бойынша 16 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұлдың жалпы сомасы 3 138 200 теңге.