Жетісу облысында экологиялық жоба аясында өңірдің өзекті экологиялық мәселелерін анықтап, шешуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұлардың бірқатарымен Өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте «Жасыл ниеттестік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлия Ахмедиева және облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев таныстырды. 

Спикерлердің айтуынша, жобаға алты жаттықтырушы, жетекші және ғалымдар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, эко-белсенділер қатысты.

«40-тан астам кездесулер өткізіліп, Алакөл және Балқаш көлдерінде 300-ден астам адамның қатысуымен екі форум ұйымдастырылды. Шараларда экологиялық заңнама, эковолонтерлік және мәселелерді шешу механизмдері талқыланды», — деп мәлімдеді Әлия Қасымханқызы.

Сондай-ақ жоба аясында өңірдің 8 ауданы мен 2 қаласында семинарлар өткізіліп, онда егіншілік, жасыл желектерді күту және жергілікті билік өкілдерімен өзара әрекеттесу мәселелері көтерілді. 306,5 гектар аумақты қамтитын саябақтар, скверлер мен аллеялардың жағдайы талданды. Суару, өсімдіктерге күтім жасау және мамандардың жетіспеушілігі секілді жасыл аймақтардың жағдайын нашарлататын өзекті мәселелер анықталды.

Жобаны іске асыру аясында экологиялық жағдайды жақсарту бойынша белсенді жұмыс істеп жүрген тұрғындарды ынталандыру мақсатында 10 номинациядан тұратын «Таза істер марафоны» байқауы ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға шағын гранттар мен алғыс хаттар табысталады.

Фото: ашық дереккөздерден.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *