Қаратал ауданының Жасталап ауылында тұратын Сара Құрманқұлова мен Тоқтар Нұрбайұлы Ақынбаев мәслихат депутаттарын сайлауға бірге қатысты. Биыл шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толған ерлі-зайыптылар №169 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Жарты ғасырлық ғұмырын бірге өткерген жұптың өмір жолы адал еңбекпен өрілген. Екеуі де ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, мал өсірумен және егіншілікпен айналысқан. Туған жердің өркендеуіне үлес қосқан еңбек адамдары ретінде ауылдастарының құрметіне бөленген.
Бүгінде Сара мен Тоқтар Ақынбаев – отбасы құндылықтарын берік ұстанып, кейінгі ұрпаққа өнеге болып отырған жарасымды жұп. Алтын той қарсаңында сайлауға бірге қатысуы олардың қоғамдық өмірге деген белсенді көзқарасын да аңғартады.
Жарты ғасыр бойы бір-біріне тірек болып келе жатқан ерлі-зайыптыларға зор денсаулық, отбасылық амандық пен ұзақ ғұмыр тілейміз.