Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекітті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Президент «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Комиссия мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары мен тәсілдерін айқындау, сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысты ұсыныстарды қарау мақсатында құрылды.
Комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі белгіленді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері енді. Қажет болған жағдайда комиссия отырыстарына орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдері қатыса алады.
Комиссия құрамына кімдер кірді?
Комиссия төрағасы болып Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр тағайындалды. Төрағаның орынбасары қызметін Президенттің кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев атқарады.
Комиссия құрамына:
- Әлихан Смайылов – Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы;
- Ғалымжан Қойшыбаев – Премьер-Министрдің орынбасары, Үкімет Аппаратының басшысы;
- Серік Жұманғарин – Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі;
- Жаслан Мәдиев – Премьер-Министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі;
- Ержан Жиенбаев – Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары;
- Қуанышбек Есекеев – Президенттің көмекшісі;
- Дархан Жазықбай – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы;
- Ерлан Сәрсембаев – Әділет министрі;
- Жеңіс Қасымбек – Астана қаласының әкімі;
- Марат Ахметжанов – Ақмола облысының әкімі;
- Дархан Сатыбалды – Алматы қаласының әкімі;
- Болат Ақшолақов – Атырау облысының әкімі.
Сондай-ақ комиссия құрамына Құрылтай депутаттары Шахмардан Байманов, Сұңғат Есімханов, Шолпан Каринова және Екатерина Смышляева енгізілді.
Қазақстан Халық Кеңесінің атынан Андрей Лукин мен Бағдат Мусин комиссия жұмысына қатысады.
Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова комиссия хатшысы болып белгіленді.
Комиссияның негізгі міндеті – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеп, реформалардың кешенді жоспарын қалыптастыру.