
Құрметті жерлестер! Қадірлі тұрғындар!
Мен, Нурахмет Ербақыт Жеңісұлы, Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде өз сайлауалды бағдарламамды сіздердің назарларыңызға ұсынамын. Панфилов ауданының тумасы ретінде туған өлкемнің дамуына нақты үлес қосуды, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды және қоғамдағы өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысуды өзімнің басты мақсатым деп санаймын.
Өз тәжірибемді пайдалана отырып, халықпен тығыз байланыс орнатуға, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін назарға алуға және ауданымыздың дамуына бағытталған бастамаларды қолдауға ниеттімін. «Адал еңбек – абырой бастауы! Бірлік бар жерде – береке бар! Туған жерге қызмет – азаматтық парыз!» деген ұстаныммен халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, ел сенімін ақтауға бар күшімді саламын.
Жұмысымды төмендегі басым бағыттар бойынша үйлестіремін:
1. Ауыл әлеуетін арттыру
Ауылдық елді мекендердің тыныс-тіршілігін жақсарту үшін жол, сапалы ауызсу және көшелерді жарықтандыру инфрақұрылымын жаңғыртуға, қоғамдық орындарды абаттандыруға және ауылдардың жан-жақты дамуына ықпал етемін.
2. Жастарды қолдау
Өңір болашағы – жастардың қолында. Сол себепті жастардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмыспен қамтылуына, кәсіби тұрғыда дамуына және жеке кәсіп бастауына қолайлы жағдай жасауға белсене атсалысамын.
3. Білім мен ұлттық құндылықтар
Білім беру сапасын арттыруға, өңірде мәдениет пен бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүр мен рухани мұрамызды кеңінен насихаттауға қолдау көрсетемін.
4. Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы
Шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасап, ауыл шаруашылығы саласындағы тың бастамаларды қолдаймын. Соның нәтижесінде өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етемін.
5. Әлеуметтік қолдау және тең мүмкіндік
Ардагерлерге, қарттарға, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың күнделікті мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етемін.
Құрметті сайлаушылар!
Бірлігіміз бен ынтымағымыз бекем болса, ауданымыздың болашағы жарқын болары сөзсіз. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңызға арқа сүйей отырып, туған өлкеміздің игілігі жолында адал еңбек етуге дайынмын!