
Құрметті жерлестер!
Мен, Қожасұлтанова Айгүл Жақанқызы, 1997 жылдан бастап кәсіпкерлік саласында еңбек етіп келемін. Осы жылдардағы еңбек жолым мен өмірлік тәжірибем маған жауапкершілікті, табандылықты және адал еңбектің қадірін терең түсіндірді. Бүгінде менің басты мақсатым – жинақталған іскерлік тәжірибемді ел игілігіне жұмсап, тарихы бай, еңбекқор Панфилов ауданының дамуына, халқымыздың тұрмысын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауылдық округтер мен қала тұрғындарының мүддесін қорғауға нақты үлес қосу.
Мен үшін туған жердің дамуы мен халықтың әл-ауқаты – басты құндылық. Жұмысымның негізгі ұстанымы – тұрғындардың талап-тілегін әрдайым назарда ұстау және ауыл мен қала тұрғындарының күнделікті өзекті мәселелерінің шешілуіне депутаттық өкілеттігім аясында ықпал ету.
Сайланған жағдайда бағдарламамның мына төрт негізгі бағыты бойынша жүйелі түрде жұмыс істеймін:
1. Ауылдың әл-ауқатын арттыру
Аудан құрамындағы ауылдық елді мекендердің күнделікті тіршілігі үшін маңызды әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді шешуге ықпал етемін. Ішкі жолдарды жөндеу, сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету, көше жарығын ретке келтіру және елді мекендердің тазалығын сақтау мәселелерін үнемі басты назарда ұстаймын. Сонымен қатар ауылдар мен қоғамдық аумақтардың көркеюі мен абаттандырылуына бағытталған бастамаларға қолдау көрсетемін.
2. Кәсіпкерлік және жұмыспен қамту
Кәсіпкерлік саласындағы көпжылдық тәжірибеме сүйене отырып, шекаралас орналасқан және аграрлық әлеуеті жоғары Панфилов ауданында шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты қолдау білдіремін. Ауыл және қала тұрғындарын тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету бағыттарында жаңа жұмыс орындарын ашу бастамаларын көтеремін. Әсіресе, өз ісін бастап, отбасылық табысын арттырғысы келетін әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше ықпал етемін.
3. Әлеуметтік қолдау және қамқорлық
Қоғамның қолдауына мұқтаж жандар назардан тыс қалмауы тиіс. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың, ардагерлердің түйткілді мәселелерін тиісті деңгейде көтеріп, қарттар мен әлеуметтік және медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға күш саламын. Сондай-ақ ана мен балаға қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік қызметтердің шалғай ауылдарға қолжетімділігін арттыру ісіне белсене атсалысамын.
4. Жастар және ұрпақ болашағы
Өскелең ұрпаққа жол ашу – жарқын болашақтың кепілі. Ауыл және Жаркент қаласы жастарының сапалы білім алуына, спорт пен мәдениет саласында шыңдалуына және еңбекке белсене араласуына қолдау көрсетемін. Сонымен қатар жастардың өз кәсібін бастап, іскерлік әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасайтын бастамаларды қолдаймын.
Құрметті сайлаушылар!
Бірлігі жарасқан елдің берекесі артады. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңызға арқа сүйей отырып, туған өлкеміздің және Панфилов ауданының өркендеуі жолында адал еңбек етуге дайынмын!