2026 жылғы 6-8 қараша аралығында Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында «ХХ Шыңжаң қысқы туризм өнеркәсібі сауда көрмесі» өтті. Халықаралық көрме аясында Жетісу облысының туристік әлеуетін таныстыруға және Шыңжаң өңірімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Жетісу Road-Show Шыңжаңда» іс-шарасын «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.
Көрме барысында Жетісу облысының табиғи-климаттық, мәдени-тарихи және рекреациялық мүмкіндіктері, туристік бағыттары, демалыс және сауықтыру орындары шетелдік қонақтар мен туристік индустрия өкілдеріне таныстырылды.
Өңір атынан іс-шараға «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, «Asia Tour» туристік компаниясы, «Тау Жетісу» тау шаңғы кешені, «Жаркент-Арасан» медициналық-сауықтыру кешені, «Викинг» турбазасы, «Air Astana» әуе компаниясы, «Тұмар Транс» компаниясы, Жетісу облысының туризм басқармасы және «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы қатысты.
«Жетісу Road-Show Шыңжаңда» аясында Шыңжаңның туристік компаниялары мен туроператорларына өңірдің туристік өнімдері мен инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, туристік бағыттарды дамыту, туристік ағынды арттыру және өзара тиімді әріптестік орнату мәселелері бойынша іскерлік кездесулер өткізілді.
Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі – Жетісу облысының туристік ұйымдары мен бизнес өкілдері және Шыңжаң өңірінің туристік компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылуы болды. Келісімдер бірлескен туристік жобаларды іске асыруға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және екі өңір арасындағы туристік алмасуды кеңейтуге бағытталған.
Аталған халықаралық көрме мен «Road-Show» Жетісу облысының туристік әлеуетін Қытай нарығында ілгерілетуге, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және өңірдің халықаралық туристік кеңістіктегі танымалдылығын арттыруға мүмкіндік берді.