Жетісу облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 5 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 68,8%-ға аз. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өрттердің негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану талаптарын бұзу, сондай-ақ пештерді пайдаланған кезде өртке қарсы қауіпсіз арақашықтықты сақтамау.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға газ қазандықтарын, су жылытқыштарды, электр жылытқыштары мен пештерді қауіпсіз пайдалану қажеттігін ескертеді. Газ жабдықтарын орнату және жөндеу жұмыстарын тек білікті мамандар жүргізуі тиіс. Сондай-ақ желдету жүйесі мен түтін мұржасының жарамдылығын тұрақты тексеру қажет.
Жетісу облысында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түтін мен улы газды анықтайтын датчиктер сатып алынып, тұрғын үйлерге орнатылуда. Биыл жалпы құны 5 млн 511 мың 200 теңгеге 1736 датчик сатып алынған. Бүгінгі күнге оның 654-і тұрғын үйлерге орнатылды.
Облыста Төтенше жағдайлар департаменті, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлер бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлерін аралады. Жалпы өңірде осы санаттағы 6937 отбасы есепке алынған.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды жылыту жабдықтарын алдын ала тексеруге, анықталған ақауларды уақытында жоюға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, қарапайым сақтық шаралары өрттің, газдан уланудың және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *