«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде табиғи мұраны дәріптеуге, экологиялық туризмді дамытуға және ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған «Алтын-Емел – құландар мекені» экологиялық-мәдени фестивалі өтті. Іс-шара аясында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық өнер үлгілері таныстырылды, тарихи орындарға танымдық сапарлар жасалды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – ұлттық парктің бірегей табиғи және тарихи-мәдени мұрасын таныту, табиғатты қорғаудың маңызын кеңінен насихаттау және экологиялық туризмді дамыту.
Фестивальдің басты бағыттарының бірі құландарды қорғау және олардың табиғи ортадағы популяциясын сақтау мәселесіне арналды.
1982 жылы «Алтын-Емел» аумағындағы құландар саны небәрі 32 басты құраса, 2026 жылы олардың саны 3571 басқа жетті. Бұл көрсеткіш сирек кездесетін жануарлардың популяциясын қалпына келтіру бағытындағы табиғат қорғау жұмыстарының нәтижесін көрсетті.
Фестиваль қонақтарына құландарды табиғи мекендеу ортасында бақылау мүмкіндігі ұсынылды. Осы арқылы жабайы жануарларды қорғаудың маңызы мен табиғи тепе-теңдікті сақтаудың қажеттілігі кеңінен насихатталды.
Фестиваль бағдарламасы таңғы сағат Шолақ тауларының бөктерінде өткен 5 және 10 шақырымдық эко-жарыспен басталды. Қатысушылар табиғи ландшафт аясында жүгіріп, спорт пен экологиялық мәдениетті ұштастырды.
Сондай-ақ қатысушылар Шолақ тауларындағы ежелгі петроглифтермен танысты. Жартастарға қашалған аңшылық көріністері мен арбалардың бейнелері арқылы өңірдің тарихи-мәдени мұрасы насихатталды.
Фестиваль аясында петроглифтер мен көне түркі жазуына арналған шеберлік сабақтары өткізіліп, табиғи ортада өмір сүру дағдылары таныстырылды. Дәстүрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге ұлттық қолөнер үлгілері ұсынылды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *