Жетісу облысында «Текелі энергокешені» ЖШС-ның 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасының орындалу барысына арналған баспасөз туры өтті. Іс-шара барысында кәсіпорынның инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстары мен 2026 жылға жоспарланған шаралардың іске асырылуы таныстырылды.
Баспасөз турын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті «Текелі энергокешені» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырды. Оған департамент өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Текелі энергокешені» ЖШС табиғи монополия субъектісі ретінде жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтерін көрсетеді. Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы жылу-энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
2024-2028 жылдарға арналған бағдарлама аясында Чажа өзеніндегі су алу құрылыстарынан Жағалау сорғы станциясына дейінгі өздігінен ағатын су құбырының жерасты бөлігін кезең-кезеңімен ауыстыру көзделген. Жұмыстар төрт кезеңге бөлінген. Жоспарға сәйкес, бір жылы қажетті болат құбырлар сатып алынса, келесі жылы су құбырының тиісті учаскесі ауыстырылады.
Кәсіпорынның 2026 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламасының жалпы сомасы 23 млн теңгеге жетті. Бағдарлама аясында «Айрон Снаб» ЖШС-мен болат құбырларды жеткізу жөнінде келісімшарт жасалды.
Қазіргі уақытта келісімшарт талаптарына сәйкес құбырларды жеткізу және оларды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Материалдар 2027 жылы ауыстыру жоспарланған су құбыры учаскесіне жақын орналасқан алаңға жеткізілуде. Бұл келесі жылы жоспарланған жұмыстарды уақытылы орындауға дайындықтың бір бөлігі болып табылады.
Баспасөз туры табиғи монополия субъектілерінің қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз ету, инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалар бойынша міндеттемелердің орындалуын жария түрде көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара аясында бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылық өкілдері кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.