Бүгінде облыста алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) қызметін 13 медициналық ұйым көрсетеді. Оларға 653 мың тұрғын тіркелген. Халыққа аумақтық қағидат бойынша қызмет көрсету үшін 396 медициналық учаске жұмыс істейді. Оның ішінде 352 жалпы практика дәрігері, 28 педиатриялық және 16 терапиялық учаске бар. МСАК деңгейінде 1 144 орта медицина қызметкері еңбек етеді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында профилактикалық тексерулермен 204 мың адам қамтылып, 10 мыңнан астам ауру мен патологиялық жағдай анықталды. Олардың 98,8 пайызы динамикалық бақылауға алынды. Сонымен қатар скринингтік зерттеулерден 268 мыңнан астам тұрғын өтіп, 13 мың патологиялық жағдай анықталды.
МСАК ұйымдарына азаматтарды бекіту тәртібі де жаңарды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 27 тамыздағы №95 бұйрығымен тиісті қағидалар жаңа редакцияда бекітілді.
Жаңа тәртіп азаматтардың медициналық ұйымды таңдау құқығын кеңейтіп, медициналық көмектің нақты тұратын жері бойынша қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Азаматтар бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде тұрақты немесе уақытша тіркелген жері бойынша МСАК ұйымын еркін таңдай алады. Медициналық ұйымды өз бастамасымен ауыстыру құқығы жылына бір рет беріледі.
Маңызды өзгерістердің бірі – 0-ден 17 жасқа дейінгі балаларды нақты тұратын жері бойынша МСАК ұйымына бекіту. Бұл олардың профилактикалық тексеру, скрининг, вакцинация және патронаждық бақылауға уақтылы қолжетімділігін арттырады. Өңірде 0–14 жас аралығында 187 мыңнан астам бала бар.
Сонымен қатар 18 жасқа толған студенттер мен курсанттарға МСАК ұйымын өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі. Мерзімді әскери қызметшілер қызмет өткеру кезеңінде жақын аумақтағы МСАК ұйымына бекітіледі, ал әскери қызмет аяқталған соң бұрынғы медициналық ұйымға бекітілуі автоматты түрде қалпына келтіріледі.
Жаңа қағидаларда «белсенді емес бекіту» мәртебесі де енгізілді. Егер азаматтың Қазақстан аумағында тіркеуі болмаса, жеке куәлігі немесе паспортының мерзімі өтсе және үш жыл немесе одан да көп уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбесе, оның бекітілуі белсенді емес мәртебеге ауыстырылады.
Бұл тетік медициналық ұйымдардағы тіркелген халықтың нақты санын қалыптастыруға және МСАК ұйымдарының жұмысын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Азамат медициналық көмек алу үшін қайта жүгінген жағдайда оның бекітілуі автоматты түрде белсендіріледі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *