Көкжөтел – тыныс алу жолдарының инфекциялық ауруы Bordetella pertussis бактериясымен шақырылады, оның басты белгісі — ұзақ мерзімді ұстамалы жөтел. Осы симптомға байланысты көкжөтел «жүз күндік жөтел» деп те аталады.
Инфекция көзі — ауру адам немесе дені сау бактерия тасымалдаушы.
Берілу жолы: қоздырғыштың таралуы сөйлеу, жөтелу, түшкіру кезінде ауа тамшылары арқылы беріледі. Науқас катаральды кезеңде және ұстамалы жөтел кезеңінде ең жұқпалы болып табылады. Ем алмаған науқастар симптомдар басталғаннан кейін 3 аптаға дейін инфекцияны таратуы мүмкін.
Инкубациялық кезең (ауруды жұқтырғаннан симптомдар басталғанға дейін) орта есеппен 7-10 күнге созылады, бірақ одан да ұзақ болуы мүмкін — 21 күнге дейін.
Негізгі белгілері: бастапқы кезеңде көкжөтел жедел респираторлық инфекцияларға ұқсас белгілермен көрінеді — түшкіру, мұрыннан су ағу, құрғақ жөтел, дене қызуының жоғарылауы. Көкжөтел жедел респираторлық инфекция ретінде басталады, бірақ одан айырмашылығы бірнеше апта немесе айға созылуы мүмкін.
Екінші кезеңде негізгі симптом пайда болады — құрғақ ұстамалы жөтел. Жөтел ұстамасы дем шығару кезінде пайда болатын ысқырықты тыныстан, үзілген дем шығарудағы жөтел серпілістерінен тұрады. Ұстамалы жөтел кезінде науқастың беті қызарады, содан кейін көк түске айналады, мойын мен басындағы тамырлар ісінеді, көз жанарының жасаурауы пайда болады. Ұстамалардың жиілігі тәулігіне 15-25 — ке жетуі мүмкін, ал олардың ұзақтығы бірнеше секундтан 2-4 минутқа дейін.
Қауіпті топ: туылғаннан 1 жасқа дейінгі балалар ауырып қалуы мүмкін. Бұл жаста иммунитет әлі қалыптаспаған, сондықтан организм қоздырғышқа өте сезімтал. Бала неғұрлым кіші болса, патологиялық процесс соғұрлым ауыр ағымда өтеді. Ауру әсіресе вакцинацияланбаған ерте жастағы балаларда, нәрестелерде ауыр өтеді, оларда жөтел ұстамалары тыныс алудың тоқтап қалуына (апноэ) және оттегінің жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін.
Жетісу облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып қалуда. Жыл басынан бері көкжөтелдің 1 жағдайы тіркелді, өткен жылмен салыстырғанда 8 жағдайға төмендеу байқалады.
Емі: көкжөтелді емдеуге Bordetella pertussis бактерияларын жоятын антибиотиктер кіреді. Симптомдарды азайту үшін жөтелге қарсы препараттар мен ауаны ылғалдандыру тағайындалады.
Көкжөтелдің алдын алу шаралары: Көкжөтелдің алдын алудың жалғыз тиімді жолы — вакцинация. Көкжөтел тоқтатылатын ауру, Ұлттық иммундау күнтізбесіне сәйкес вакцинациялау арқылы инфекция мен асқынулардан оңай құтылуға болады. Вакцинация жоспар бойынша 2, 3, 4 айда ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі, қолданылатын вакцина — құрамдастырылған, АбКДС (дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге (жасушалы), В гепатитіне, полиомиелитке (инактивтендірілген) және гемофилді жұкпаның b типіне қарсы вакцина. Сондай-ақ 1,5 және 6 жаста қайта егу жүргізіледі.
Аурудың белгілері пайда болған кезде: уақтылы медициналық көмекке жүгіну, үй жағдайында өзін-өзі емдеумен айналыспау; бөлмені жиі желдету, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу; ата-аналарға науқас балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептерге және балабақшаға жібермеу ұсынылады.
Индира Кунбасова,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары