Ескелді ауданында «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында прокуратура мен мемлекеттік органдар ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Бірінші жартыжылдықта қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 17,2%-ға — 99-дан 82 жағдайға дейін төмендеді, оның ішінде қылмыстар мен теріс қылықтар саны азайды. Өңірде кісі өлтіру, тонау және денсаулыққа ауыр зиян келтіру деректері тіркелген жоқ, сондай-ақ алаяқтық, отбасылық-тұрмыстық және мас күйде жасалатын қылмыстар деңгейі төмендеді. 11 ауылдық округте рейдтер мен халықпен кездесулер өтті, ал «Пробация үйі» жобасы аясында есепте тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыруға және әлеуметтік бейімдеуге көмек көрсетілуде.
Сонымен қатар 1 138 кәсіпкердің құқығы қорғалып, мемлекет меншігіне 1 310 гектар пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды. Жүйелі профилактика кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен суицидтің де алдын алуға ықпал етті.
Оң динамикаға қарамастан, мал ұрлығы, көлік қылмыстары мен интернет-алаяқтықтың өсуі ерекше бақылауда қалып отыр. Прокуратура азаматтарды өзінің жеке деректері мен СМС-кодтарын бөгде тұлғаларға бермеуге, сондай-ақ кез келген заңбұзушылық кезінде құқық қорғау органдарына уақытылы хабарласуға шақырады.