2024 жылғы 20 тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі әкімшілік айыппұлдарды 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде өндіріп алуға арналған «Цифрлық сот орындаушысы» жобасын іске қосты. Жобаның басты мақсаты – азаматтарға жеке сот орындаушыларының (ЖСО) 3%-дан 25%-ға дейінгі комиссиясын төлемей, берешекті өтеуге мүмкіндік беру.
Үдеріс толықтай автоматтандырылған: қаулы тіркелгеннен кейін борышкерге 1414 нөмірінен SMS-хабарлама және eGov Mobile қосымшасы арқылы хабарлама жіберіледі. Бірден мүлкіне шектеу қойылып, 5 күннен кейін банктік шоттары автоматты түрде бұғатталады, ал 20 күн өткен соң инкассалық өкім шығарылады. Берешекті ерікті түрде өтеуге 30 күн беріледі. Осы мерзімде төленбеген жағдайда іс жеке сот орындаушысына жолданады. Қарызды онлайн режимде, оның ішінде Kaspi.kz қосымшасының «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде төлеген кезде барлық қойылған тыйымдар автоматты түрде бірден алынады.
Жоба Жетісу облысында өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қозғалған 21 129 атқарушылық іс жүргізудің жалпы сомасы 465 миллион теңгені құрады. Оның ішінде 117 миллион теңге сомасына 5 412 іс орындалып, облыс тұрғындары 29 миллион теңгеден астам қаражатты үнемдеді. Осыған байланысты Әділет министрлігі жеңілдетілген тәртіппен өндіріп алу шегін 40 АЕК-ке дейін ұлғайту және жүйеге салық берешектерін енгізу мүмкіндігін қарастыруда.
Сонымен қатар азаматтардың атқарушылық іс жүргізу барысын бақылап, қажетті құжаттарды онлайн жолдауына мүмкіндік беретін «Тараптардың кабинеті» сервисі де дамып келеді. Бүгінгі таңда бұл сервис арқылы 1 899 өтініш қаралған.
Қазіргі уақытта Жетісу облысында 8 мемлекеттік және 51 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. Алимент өндіру мәселесіне ерекше назар аударылуда. Өңірде алиментке қатысты 9 648 атқарушылық іс жүргізу бар. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 182 борышкер жұмыспен қамтылып, 147 адам әкімшілік жауапкершілікке, ал 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *