Жылдың жаз – күз мезгілдерінде дүкендердегі, сауда орындарындағы жеміс-жидектер көздің жауын алады. Осы мезгілдер ағзаны дәрумендермен байытатын қолайлы уақыт. Сонымен қатар бұл айларда жіті ішек инфекциясымен зақымдалу қаупі де жоғары.
Жіті ішек инфекциясы – асқазан-ішек жолдарының зақымдалуымен және интоксикациямен өтетін инфекциялық аурулардың тобы. Қоздырғыштары бактериялар (дизентерия, сальмонелла, стафилококк, ішек таяқшасы), кейбір вирустар (энтеровирус, ротовирус, норовирус) болуы мүмкін.
Жылдың жылы мезгілдері басталысымен жіті ішек инфекцияларымен қатар оның құрамына кіретін энтеровирустық инфекциялардың да тіркелу қаупі орын алады. Инфекцияның қоздырғыштары адам ағзасына зақымдалған су, тағам, ал кішкене балаларда лас қол, ойыншықтар арқылы енеді. Қарапайым тазалық ережелерін сақтамау ішек инфекциясының ең басты себебі.
Инфекцияның берілу факторлары: тағам өнімдерінің дұрыс сақталмауы, зақымданған тағамдарды (суықта сақталмаған) немесе толық термиялық өңдеуден өтпеген, жуылмаған жеміс-жидектер, жуылмаған қол, дәретхана мен ас үстелінің арасында ұшып жүрген шыбындар.
Аурудың клиникалық белгілері: Адам ағзасына қоздырғыш түскен соң ауру бірден басталмайды. Аурудың жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 2-7 күнге дейін созылады. Осы кезеңде науқастың дене қызуы жоғарылайды, әлсіздік, жүрек айнуы, құсу, тамаққа тәбеттің төмендеуі, іштің ауруы, жиі іш өту белгілері байқалады.
Ал энтеровирустық инфекция, серозды менингит (бас ауруы, құсу), миалгия (бұлшық еттің ауруы), герпестік ангина (таңдай мен жұтқыншақтың артқы бөлігіндегі бөртпелер), респираторлық, дене қызуының көтерілуі және асқазан-ішек жолдарының бұзылыстары түрінде өтеді.
«Жіті ішек инфекциясы неге қауіпті? Көбінесе жіті ішек инфекциясына сезімтал балалар. Балалардың жиі сырқаттану себебі сілекей мен асқазан сөлінің қасиетінің әлсіз болуы. Сондықтан ішек инфекциясының қоздырғыштары ауыз арқылы ішекке жеңіл енеді. Іштің өтуі және құсумен болатын сусыздану ересектерге, әсіресе бала өміріне өте қауіпті. Себебі бала ағзасында су мен тұздардың қоры көп емес, сондықтан бұл денсаулыққа шынайы қауіп төндіреді. Сырқаттанушылық кейбір жағдайда жеңіл түрде өткендіктен науқастар медициналық көмекке жүгінбейді, өздері емделеді, бұл аурудың жағымсыз салдарына әкелуі мүмкін»,- деп атап өтті Жетісу облысы СЭБД басшысы Асхат Чарапиев.
Аурудан қалай сақтану керек:
- кездейсоқ су көзінен суды пайдаланбаңыз. Қайнатылған, бөтелкедегі (бутилированная вода) суды қолдану;
- азық-түліктерді мұқият қуырып, пісіріп пайдаланыңыз, ал термиялық өңдеуден өткізілмейтін өнімдерді қайнатылған сумен тазалап жуу;
- жеміс-жидектерді, көкөністерді ағынды сумен мұқият жуу;
- шикі және пісірілген тағам өнімдеріне жеке кесу тақтайларын және пышақтарды қолдану;
- тоңазытқышта тағам өнімдерінің дұрыс сақталуына көңіл бөлу, егер дайындалған тағам ертеңгі күнге сақталса термиялық өңдеуден өткізу;
- кесілген қарбыз, қауындарды сатып алмау;
- дайындалған тағамды үй-жайдың температурасында 2 сағаттан артық уақыт сақтамау, ал балалардың тағамдарын дайындаған мезгілде қолдану;
- азық-түлік, оның ішінде тез бұзылатын тағамдарды сатып алмас бұрын, таңбасына, сақталу мерзіміне, жарамдылығына назар аудару;
- дайын тағам мен ыстықпен өңдеуді қажет ететін азықтарды бір сөмкеге салмау (шикі ет және кондитерлік өнім, көкөністер, нан және т.б.);
- кездейсоқ сауда орындарынан азық-түлік алудан бас тарту, әсіресе дайын салат, холодец, сүт тағамдары, шұжық сияқты тез бұзылатын тағамдарды алудан аулақ болу;
- азық-түліктерге жәндіктер мен кеміргіштердің байланысына жол бермеу;
- жеке бас гигиенасын қатаң сақтаңыз, тамақ қабылдау, дайындау алдында және дәретханадан кейін, даладан келген соң қолды сабынмен мұқият жуу;
- жаз айларында тек арнайы белгіленген жерлерде шомылу.
Осы қарапайым шараларды орындау жіті ішек инфекцияларынан сақтануға және сіздің, отбасыңыздың денсаулығын сақтауға көмектеседі.