Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (бұдан әрі – КҚГҚ) геморрагиялық және геморрагиялық синдромсыз клиникалық ағымының әртүрлі ауырлықпен сипатталатын арбовирустық трансмиссивті табиғи-ошақты инфекциялық ауру. Аурудың қоздырғышы – кенеден таралатын вирустар (туыстастығы — Bunyaviridae, тұқымдастығы — Nairovirus).
Конго – Қырым геморрагиялық қызбасы қоздырғышының таралуында жетекші орынды алатын кенелер H.asiaticum, H.anatolicum, D.niveus. Осы аталған кене түрлерінің ерекшелігі, олардың тікелей кеміргіштердің індерінде мекен етуінде. Жыныстық жетілген кенелер үй жануарлары сиырда, қойда, түйелерде, жылқыда, сонымен қатар итте, мысықта, кірпіде, суырда және құм тышқанында паразитті тіршілік етеді. Аталған кенелердің түрлері тіпті адамға да белсенді шабуыл жасайды.
КҚГҚ табиғи ошақтары кенелер мекендейтін шөлді, жартылай шөлді және дала ландшафттарында белгілі. Ошақтардың толық өмір сүруі көбінесе құрғақ қажетті климатпен және кенелерде вирустың көбеюі үшін жоғары жылдық орташа температурамен тығыз байланысты.
Республика бойынша 4 облыс (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Шымкент қаласы) Конго – Қырым геморрагиялық қызбасынан қолайсыз аумақтар болып табылады, яғни инфекцияның табиғи ошақтары осында орналасқан. Аталған облыстарда сырқаттанушылық жыл сайын тіркелуде.
Конго Қырым геморрагиялық қызбасы қалай жұғады?
- кене шаққанда;
- кенені жалаңаш қолмен ұстағанда, мал қырққанда, кенені қолмен езгенде;
- ауру адамның қанымен немесе биологиялық сұйықтықтарымен байланыста болғанда.
Арудың клиникалық белгілері:
- дене қызуының кенеттен +39-40°C дейін көтерілуі.
- қатты бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың сырқырауы. Сондай-ақ жүрек айнуы, құсу, диарея, іштің ауыруы және тамақ ауруы байқалды.
- бет, мойын және көздің қызаруы.
- ауыз қуысының шырышты қабатында, теріде бөртпелердің (геморрагиялық белгілер) пайда болуы. Бөртпе – геморрагиялық синдромның ең көп таралған көріністерінің бірі. Ол аурудың 5-7 күнінде пайда болды.
- мұрыннан, қызыл иектен және ішкі мүшелерден қан кету.
Аурудың инкубациялық (жасырын) кезеңі 1 күннен 14 күнге дейін созылады.
Алдын алу шаралары:
- кенеден қорғану: Табиғатқа (әсіресе мамыр-тамыз айларында) шыққанда денені толық жауып тұратын ашық түсті киім кию;
- малмен жұмыс істегеннен кейін денені кенеге тексеру;
- мал қораларын уақытылы кенеге қарсы дәрілеу және зарарсыздандыру;
- кене шаққан жағдайда немесе ауру белгілері байқалса, үйде емделмей, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Асхат Чарапиев,
Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.