Құрылтай сайлауы күні Текелі қаласындағы тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлаған мәдени шара өтті. №445, №443 және №452 сайлау учаскелерінде «Үш өзен тоғысы» атты музыкалық перформанс ұйымдастырылды.

Сайлау күні азаматтық белсенділік танытуға келген текеліліктерді домбырашылар ансамблі жанды акустикалық орындаумен қарсы алды. Күмбірлеген ұлттық әуендер дауыс беру орнына жиналған қауымға көтеріңкі рух пен мерекелік атмосфера сыйлады.

Мұндай шаралар тек сайлаушылардың көңілін көтеріп қана қоймай, ұлттық өнерді, аспаптық музыканы жас буын арасында кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді. Халқымыздың бай мәдени мұрасы мен домбыра өнерінің тереңдігін паш еткен бұл бастама халық тарапынан жоғары бағаланды.

Мәдени өнерді саяси шарамен сабақтастыру – қоғамдық белсенділікті арттырудың тиімді тәсілі. Музыкалық перформанс азаматтардың сайлауға қатысу ынтасын күшейтіп, елдегі оң өзгерістерге бірге үлес қосуға шақырады. Тұрғындар дауыс беріп қана қоймай, ұлттық өнерден рухани азық алып қайтты.

Өңірдегі осындай мазмұнды мәдени-әлеуметтік шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Азаматтық жауапкершілік пен ұлттық құндылықтардың тоғысқан сәті – тұрақтылық пен бірліктің жарқын көрінісі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *