Жетісу облысында спортты дамыту, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, нашақорлықтың алдын алу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тау туризмін дамыту және халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2026 жылғы 27 маусымда Көксу ауданының Ақтекше ауылындағы табиғаты көркем әрі тарихи маңызы зор Шаған тауында Халықаралық «Шаған тау марафоны – 2026» тау жарысы ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетел мемлекеттерінен келген кәсіби спортшылар, әуесқой жүгірушілер мен белсенді өмір салтын ұстанушылар қатысып, өзара тәжірибе алмасып, спорттық шеберліктерін сынады. Шаған тауының күрделі табиғи бедері мен тау бағыттары қатысушылардың физикалық дайындығын, төзімділігін, ерік-жігері мен табандылығын шыңдап, жарыстың тартымдылығын арттырды. Сонымен қатар марафон аясында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара бұқаралық спортты дамытуға, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, Жетісу өңірінің табиғи ерекшеліктерін кеңінен танытуға және денсаулық пен белсенді өмір салты құндылықтарын дәріптеуге зор үлес қосты. Бағдарлама аясында 6 және 13 шақырым қашықтықтар бойынша жарыстар өткізіліп, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер жеке және командалық есепте анықталды. 6 шақырым қашықтықта әйелдер арасында 18–29 жас санатында Самигуллиева Гульшанат Жардемовна, 30–39 жас санатында Тортбаева Гульдана Жабыкбаевна, 40–49 жас санатында Туткабаева Бибигуль Тулкибаевна, ал 50 жас және одан жоғары санатта Аймурзиева Райгуль Исатаевна жеңімпаз атанды. Ерлер арасында 6 шақырым қашықтықта 18–29 жас санатында Сазанбай Нұртуған Сансызбайұлы, 30–39 жас санатында Шымырбеков Айдос Жумагалиевич, 40–49 жас санатында Сауруков Мурат Болатович, 50–59 жас санатында Бахтиев Абдурашит Садыкович және 60 жас пен одан жоғары санатта Иаманбаев Токтыбай Жумаканович бірінші орын иеленді. 13 шақырым қашықтықтағы ерлер арасында 18–29 жас санатында Сексембай Нұрысбек Бердімұратұлы, 30–39 жас санатында Тураров Нурлат Нурланович, 40–49 жас санатында Беспалов Александр Анатольевич, ал 50 жас және одан жоғары санатта Тайлаков Едилбек Нурханович жеңімпаз болды. 13 шақырымдық облыстық командалық эстафетада бірінші орынды «Десанттық шабуылдау әскерлері» командасы, екінші орынды «Скорпион» командасы, үшінші орынды «Барыс» командасы иеленді. Ал 13 шақырымдық командалық топтық эстафетада «Run Time Academy & Qulpynai Bakery» командасы жеңімпаз атанып, «Жетісу желаяқтары» командасы екінші, «IRBIS RUNNERS» командасы үшінші орынға тұрақтады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, ал жарысқа қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Марафон аяқталғаннан кейін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылып, жарысқа қатысушылар мен еріктілер Ақтекше ауылының аумағын қоқыстан тазалап, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Халықаралық «Шаған тау марафоны – 2026» спорт пен табиғатты ұштастырған, салауатты өмір салтын, төзімділік пен табандылықты дәріптеген, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға және Жетісу өңірінің туристік әлеуетін арттыруға ықпал еткен маңызды халықаралық спорттық іс-шаралардың біріне айналды.